Ертең Қазақстанда БЖЗҚ жеткілікті шегі өзгереді

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегін есептеудің жаңа әдістемесі күшіне енуіне бір күн қалды. 5 маусымнан бастап болашақ төлемдерді қамтамасыз ету үшін зейнетақы шотында қалуға тиіс соманы анықтау тәртібі өзгереді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесін өзгерту туралықаулыға қол қойған болатын.
Сөз болашақ зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шотта сақталуы тиіс сома туралы болып отыр. Шекті деңгейден асатын қаражатты қазақстандықтар, мысалы, тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге жұмсай алады.
Жаңа шекті мәндер 5 маусымнан бастап қолданысқа енеді. Осы сәтке дейін қолданыстағы жеткіліктілік шегінен асатын жинағы бар қазақстандықтар зейнетақы қаражатының бір бөлігін пайдалануға өтінім бере алады.
Өтінімді enpf-otbasy.kz платформасында беруге болады. Отбасы банкінің хабарлауынша, өтінім қолданыстағы шарттар бойынша қаралуы үшін оны 4 маусымнан (қоса алғанда) кешіктірмей беру, қол қою және жіберу ұсынылады. Осы күннен кейін жолданған өтінімдер жаңа талаптар бойынша қаралатын болады.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жинақтарды тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану мүмкіндігі сақталатынын мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар Еңбек министрлігінің басшысы зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қамтамасыз ету үшін қаражат жинақтау екенін атап өтті.



