Жаңалықтар

Самар ауданында жаңа спортзал ашылды

Самар ауданына қарасты Жұмба ауылында жаңа спортзалдың салтанатты ашылуы өтті. Бұл нысан ауыл тұрғындары үшін көптен күткен маңызды жоба болды, себебі елді мекенде бірнеше онжылдық бойы жеке спорт залы болмаған.

Іс-шараға Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов, ауыл тұрғындары, педагогтар, оқушылар және құрметті қонақтар қатысты.

Жұмба ауылындағы мектеп 1988 жылы салынғанымен, онда спорт залы болмаған. Осы уақытқа дейін дене шынықтыру сабақтары бейімделмеген жағдайда өткізілді. Бүгінде мектепте 32 оқушы білім алса, 12 бала шағын орталыққа барады.

Аудан әкімі спортзал құрылысы тұрғындардың өтініштері негізінде басталғанын, бұл бастама Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов деңгейінде қолдау тауып, қаржы бөлінгенін атап өтті. Құрылыс 2025 жылдың соңында басталып, қысқа мерзімде аяқталды. Мердігер – «Өтегенова» ЖК.

Спортзалдың ішкі жабдықталуы бюджетке салмақ түсірмей, демеушілік қаражат есебінен қамтамасыз етілді. Мұнда үстел теннисі үстелі, гимнастикалық төсеніштер, тренажерлар, брусья, штангалар, гантельдер, волейбол торы, турник, сондай-ақ армрестлинг пен тоғызқұмалаққа арналған жабдықтар орнатылған.

Сонымен қатар душ бөлмелері, санитарлық тораптар және жылы киім ауыстыру бөлмесі қарастырылған.

Аудан аумағын дамыту аясында Мариногорка–Жұмба бағытындағы 38 шақырымдық жолды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл алғашқы 8 шақырымда жұмыс жүргізілуде, қалған бөлігі кезең-кезеңімен жалғастырылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button