ШҚО-да тарихи нысанға апаратын жолдың жобасы әзірленіп жатыр
Ұлан ауданында XVII–XVIII ғасырдағы Аблайкит ғибадатханасына апаратын жолдың жобасын әзірлеу басталды. Жоба туралы Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Рустам Садуақасов мәлімдеді.
– Аблайкит біздің Сібе көлдерін дамыту жоспарына тарихи-киелі нысан ретінде енгізілген. Ең алдымен оған сапалы жол қажет. Биыл біз аталған нысанға баратын кіреберіс жолдардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатырмыз, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Аблайкит — XVII ғасырдың ортасында (1654–1657 жылдары) ойрат тайшысы Абылай салғызған тарихи будда ғибадатханасы мен бекініс. Бекініс пен ғибадатхананың қирандылары Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы аумағында, Сібе өзенінің жоғарғы ағысында сақталған.
Бұл орын өз заманында аса ірі діни және рухани орталық болған. Онда әйгілі ойрат ғұламасы Зая панда діни рәсімдер өткізген.
1671 жылы ойраттар арасындағы ішкі талас-тартыста қирап, қараусыз қалған.



