Жаңалықтар

Өскеменде «Дәстүр HUB» шығармашылық кеңістігі ашылды

1 маусымда Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында жаңа шығармашылық алаң –  «Дәстүр HUB» салтанатты түрде ашылды.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа «Дәстүр HUB» бірнеше бағытты тоғыстырады. Мұнда кітап оқу, шығармашылық, ұлттық мұра және заманауи технологиялар бір кеңістікте үйлесім тапқан. Кеңістіктің басты нышаны –  қазақ халқының мәдениетін айшықтайтын киіз үй. Алайда ұлттық құндылықтар мұнда заманауи форматта ұсынылады. Мультимедиялық технологиялар, интерактивті шешімдер және жасанды интеллект элементтері арқылы келушілер қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін жаңа қырынан танып-біле алады.

Киіз үйдің әр бөлшегі –  өзіндік тарих. Арнайы QR-кодтар арқылы қонақтар ұлттық ою-өрнектердің мәні, тұрмыстық бұйымдардың ерекшелігі және киіз үйдің символикасы туралы бейнематериалдарды тамашалай алады.

– Бұл хабтағы ерекше орын кітапқа берілген. Мұнда әдеби кездесулер, шығармашылық шеберлік сабақтары, білім беру бағдарламалары, ашық пікірталастар мен балалар және жасөспірімдерге арналған интерактивті іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Дәстүр HUB» подкасттар жазуға, бейнеконтент әзірлеуге, шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға және заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен қазақ тілін үйренуге арналған алаң болмақ, – делінген ШҚО әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ашылу күні кітапхана аумағында қонақтар үшін «Көгалдағы оқу залы», «Алтын сақа» ұлттық ойындар алаңы, жас суретшілерге арналған шығармашылық аймақ, тақырыптық фотозоналар, шеберлік сабақтары, интерактивті алаңдар және «Картон қалашығы» ұйымдастырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button