Жаңалықтар

Тарбағатай ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облысымызда бұқаралық спорт жүйелі түрде дамып келеді. Тарбағатай дегенде ең әуелі ауданның сайдың тасындай волейболшылары еске түседі. Жаңа кешенде тек волейбол емес, басқа спорт түрлерінен де көк туымызды көкте желбіретер чемпиондар шығады деп сенемін!, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов шағын автобустың сертификатын табыс етті.

Спорт нысанының жалпы аумағы 1 200-ден астам шаршы метрді құрайды. Толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталған дене шынықтыру-сауықтыру кешені бір ауысымда 47 адамға дейін қабылдай алады.

Онда баскетбол, волейбол, шағын футбол, теннис, бадминтон, бокс, қазақ күресі және ауыр атлетика сияқты бірнеше спорт түрімен айналысуға мүмкіндік жасалған. Барлық спорт залдары қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ғимарат ішінде жуыну және киім ауыстыру бөлмелері, дәрігер кабинеті мен жаттықтырушыларға арналған арнайы бөлмелер бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button