Жаңалықтар

ШҚО-да биыл оқушылардың шамамен 100 пайызы жазғы демалыспен қамтылады

Шығыс Қазақстан облысында биыл 1-10 сынып оқушыларының шамамен 100 пайызы жазғы демалыспен қамтылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбек мәлімдеді.

– Аяқталған оқу жылында 1-10 сыныптардағы оқушылар саны 93 853 баланы құрады. Биыл оқушылардың 99,9 пайызын сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар 100 пайыз қамтылады. Жазғы демалыс кезінде 12 қала сыртындағы балаларды сауықтыру орталығы, тамақтандыру ұйымдастырылған 276 мектеп жанындағы лагерь, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдары мен аула клубтарында тамақтандырусыз 226 бейіндік алаң жұмыс істейді, – деді Алима Ақылбек.

Оның айтуынша, балалардың демалысын ұйымдастыруға 2454 педагог қызметкер қатысады. Олардың қатарында 1230 тәрбиеші мен тәлімгер, 1224 қосымша білім беру педагогі және 250 медицина қызметкері бар. Сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерінен құралған педагогикалық жасақтар да жұмысқа тартылады.

Бұдан бөлек, облыс оқушылары Алматыдағы «Бөбек» және Щучинск пен Қонаев қалаларындағы «Балдаурен» ұлттық білім беру және сауықтыру орталықтарында тегін демалады. Самар ауданындағы «Балауса» балаларды сауықтыру орталығы базасында әскери-спорттық сауықтыру орталығы жұмысын жалғастырады.

Сондай-ақ өңірдің 200 оқушысы үшін Бұқтырма су қоймасында теплоходпен екі күндік оқу-танымдық турлар ұйымдастырылады. Бұл турлар аймақ үшін бірегей бағыт саналатын су туризмін дамыту аясында өткізілмек.

– Сонымен қатар «Киелі Шығыс» жобасын жүзеге асыру жалғасады. Оның аясында зияткерлік байқау жеңімпазы атанған 150 оқушы Шығыс Қазақстан облысының көрікті және киелі орындарына ұйымдастырылатын оқу-танымдық турларға қатысады. Бұдан бөлек, ерте кәсіптік бағдар беру бағыты бойынша 550 оқушы үшін 10 колледж базасында жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстары жалғасады, – деді Алима Ақылбек.

Сонымен қатар көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ оқуда жоғары жетістікке жеткен 150 колледж студенті үшін Үлкен Нарын ауданындағы Бұқтырма су қоймасы жағалауында орналасқан жазғы сауықтыру орталығында демалыс ұйымдастырылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button