Самар ауданында заманауи жатақхананың құрылысы аяқталды
Самар ауданы Құлынжон ауылында «Ybyrai mektebi» білім беру кешені жанынан салынған заманауи жатақхана мен инфрақұрылым құрылысы аяқталды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Екі қабатты ғимарат педагогтар мен оқушыларға арналған тұрғын блоктарды, оқу сыныптарын, кітапхананы, медициналық пунктті, аспаздық сыныпты, демалыс аймақтарын және шығармашылық жұмыстарға арналған студияны қамтиды.
– Екінші қабатта оқушыларға арналған 14 бөлме орналасқан. Әрқайсысында жеке санитарлық торап қарастырылып, өмір сүру және оқу үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ кешен құрамында 100 орындық акт залы және өзге де қоғамдық кеңістіктер бар. Жоба 2024 жылы «уақыт капсуласын» салу рәсімінен кейін басталған білім беру кешенін дамыту жұмыстарының жалғасы. Жоба Қазақстандық кәсіпкер және меценат Айдын Рахымбаевтың қолдауымен жүзеге асырылды, – деп хабарлады Самар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов нысанның құрылыс барысымен және жаңа кешенмен танысты.
Кешен оқушылардың білім алуына, тұруына және жан-жақты дамуына заманауи жағдай жасайды.



