ШҚО-да 17 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды
ШҚО ПД Көші-қон қызметінің қызметкерлері аймақтағы құрылыс нысандары мен базарларда тұрақты түрде тексеріс жүргізеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
– Өскемен қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде жүргізілген кезекті тексеріс барысында полицейлер уәкілетті органның тиісті рұқсатынсыз еңбек етіп жүрген көршілес мемлекеттің 17 азаматын анықтады. Белгілі болғандай, шетелдік азаматтар облыс аумағына шамамен бір ай бұрын келіп, қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеместен, 10 күннен астам уақыт бойы нысанда жұмыс істеген. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктер Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығарылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
ШҚО ПД Көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жүрген шетелдік азаматтардың уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек қызметімен айналысуына тыйым салынатынын ескертеді.



