Құрбан айт: Өскеменде мал бағасы қаншадан?

Құрбан айтқа байланысты мал бағасы шарықтауы мүмкін. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерді мал бағасын негізсіз көтермеуге шақырды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
«Өскемен орталық мешітінің» бас имамы Маралхан Досановтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы бойынша қойдың бағасы – 120 мың, тоқтының бағасы – 80 мың, қошқардың бағасы – 150 мың, ірі қараның бағасы – 805000 теңге болып бекітілді.
– Бағалар бұданда қымбат болып кетуі мүмкін. Кейбір шаруашылықтар қойдың бағасы 150 мыңнан жоғары деп отыр. Ертең халыққа ыңғайлы болу үшін бағаны қымбаттатпау жөнінде үгіт-насихат жүргіземіз. Бағаны тұрақты қылуға тырысамыз, – дейді Маралхан Досанов.
Осылайша, Құрбан айт алдында кәсіпкерлерден мал бағасын халыққа қолжетімді ету сұралып отыр.
Айта кетейік, құрбандыққа қой-ешкі, сиыр және түйе шалуға болады. Қой мен ешкі бір жасқа жетуі керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт. Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар.
Естеріңізге сала кетейік, онлайн түрде құрбан шалам деушілер qurban.muftyat.kz сайты арқылы құрбандық малын таңдап, төлем жасай алады.



