ШҚО тұрғындары су мен жылуға 1,5 млрд теңге қарыз

Әсіресе өскемендіктердің берешегі көп (қарызы үш айдан асатын) — 958,5 млн теңге, олардың негізгі бөлігі — тұрмыстық тұтынушылар.
Халық жылу мен ыстық су үшін «Шығыс жылу» АҚ-ға 550,5 млн теңге қарыз. Бұл ретте заңды тұлғалар мен ұйымдардың берешегі — 334,4 млн теңге, ал жеке тұлғалардың қарызы — 216,1 млн теңге. Ал «Өскемен Водоканалға» керісінше сумен жабдықтау және су бұру қызметтері үшін негізінен тұрмыстық тұтынушылар төлемейді — олардың қарызы 274,6 млн теңге, заңды тұлғалардікі — 133,4 млн теңге.
15 мамырдағы жағдай бойынша коммуналдық қызметтер үшін үш айдан асқан жалпы облыстық дебиторлық берешек 1,5 миллиард теңгені құрайды: жеке тұлғалар — 837,3 миллион, заңды тұлғалар — 654,9 миллион теңге, — деп мәлімдеді ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Наурызбай Сармурзин. — Коммуналдық қызметтерге ақы төлеудің төмендігіне байланысты коммуналдық кәсіпорындардың кредиторлық берешегі қазіргі уақытта екі миллиард теңгені құрап отыр, соның ішінде электр энергиясы үшін — 350,7 миллион, көмір үшін — шамамен 1,4 миллиард теңге, басқалары — 279,2 миллион теңге.
Жылу беру маусымы басталғанға дейін бюджеттік ұйымдардың коммуналдық қарыздарын өтеуді қамтамасыз ету тапсырылды, ал коммуналдық кәсіпорындар тұрмыстық борышкерлермен жұмысты күшейтуі керек.



