Жаңалықтар

Шығысқазақстандық оқушы халықаралық биология олимпиадасында күміс медаль иеленді

Шығыс Қазақстан облысындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Дарын Мұқашев  Ресей Федерациясының «Сириус» федералды аумағында өткен Open International Biology Olympiad (OIBO-2026) халықаралық ашық биология олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen. 

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, беделді білім додасына әлемнің 17 елінен 100-ден астам жас биолог қатысты. Қазақстан құрамасы олимпиадаға 6 оқушымен қатысып, нәтижесінде 2 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, 100 пайыздық нәтиже көрсетті.

Алтын медаль иегерлері:

Қайркен Ерсұлтан – Павлодар облысындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;

Желтова Софья – Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.

Күміс медаль иегерлері:

Билялов Нурали – Павлодар облысындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;

Мұқашев Дарын – Шығыс Қазақстан облысындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;

Әділғали Нұрасыл – Маңғыстау облысындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.

Қола медаль иегері:

Меженина Евгения – Қарағанды қаласындағы NIS-тің 10-сынып оқушысы.

Команда жетекшісі – Дінмұхаммед Уразбаев, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері, қазіргі уақытта «Astana Medical University» КеАҚ-ның 4-курс студенті.

OIBO олимпиадасы теориялық, практикалық және командалық жобалық турлардан тұрды. Қатысушылар молекулалық биология, генетика, биохимия және физиология бағыттары бойынша күрделі тапсырмалар орындап, ботаника, зоология және биоинформатика салаларында зертханалық жұмыстар жүргізді. Олимпиада оқушылардың теориялық білімін ғана емес, зерттеу жүргізу, ақпаратты талдау және пәнаралық байланыстарды қолдану дағдыларын да бағалауға бағытталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button