5 млн теңге пара бермек болып, 100 млн теңге айыппұл арқалады

Өскемен қаласы құрылыс бөлімінің басшысына 5 млн теңге пара берген азаматқа қатысты сот үкімі шықты.
Істі болған азамат «Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденінің иегері екені де белгілі болды.
Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында лауазымды тұлғаға елеулі мөлшерде пара берген азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
2025 жылғы 17 қазанда азамат ол Өскемен қаласында ораналасқан қонақүйдің автотұрағында Өскемен қаласы құрылыс бөлімінің басшысына өзі бақылау жасайтын компанияның құрылыс нысандары бойынша орындалған жұмыстар актілеріне жедел қол қойып, төлем алу мақсатында 5 млн теңге көлемінде ақша берген, — деп мәлімдеді Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты. – Күдікті өзіне тағылған айыпты және іс бойынша жиналған дәлелдемелерді, әрекетінің саралануын дауламады.
Прокурор соттан оны ҚР ҚК-ның 367-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, пара сомасының жиырма еселенген мөлшерінде, яғни 100 000 000 теңге айыппұл тағайындауды, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды өмір бойына атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза қолдануды сұрады.
Сот айыпталушы азамат ты ҚР ҚК 367-бабы 2-бөлігімен көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған параның жиырма еселенген мөлшері — 100 000 000 теңге көлемінде айыппұл жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оны өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырды, — делінген мәлімдемеде.
Бұдан бөлек, үкімде сотталған адамды «Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденінен айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныс енгізілгені көрсетілген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.



