Өскеменде халықаралық фестиваль бастау алды

Шығыс Қазақстан этнографиялық музейінің Сол жағалау кешенінде сәндік-қолданбалы өнер және кілем тоқу бойынша халықаралық «Ғасырлар дәстүрі» фестивалі басталды.
Іс-шараға Қазақстаннан, Әзербайжаннан, Ресейден, Қытайдан, Түркиядан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан кілем, текемет, сырмақ жасау мен алаша тоқудың үздік 800-ден астам шебері жиналды. Фестиваль жұмысына Қазақстан Республикасының Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитетінің мүшелері де қатысуда.
Фестиваль аясында жетекші шеберлердің шеберлік сабақтары, тақырыптық көрмелер, шығармашылық зертханалар және облыстың этномәдени бірлестіктері өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар аудан және қала мәдениет қызметкерлеріне материалдық емес мәдени мұра мәселелері бойынша сарапшылардың қатысуымен оқыту семинары өтеді.
Фестивальдің басты оқиғасы – «Аламанқұрақ – 2026» шарасын өткізу және оның нәтижесін «Global Best of Records» халықаралық рекордтар кітабына енгізу болмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл басылым әлемдегі ең ірі жетістіктер тізілімдерінің бірі саналады және «Гиннестің рекордтар кітабы» сияқты жаһандық реестрлермен қатар тұр.
Кілем тоқу өнеріне арналған бұл ауқымды мереке Халықаралық музейлер күні аясында өтіп жатыр және 14–17 мамыр аралығында жалғасады. Фестиваль қорытындысы бойынша ШҚО балалар үйлеріне фестиваль шеберлері дайындаған қолдан жасалған жастықтар сыйға беріледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ғасырлар дәстүрі» фестивалі – өткен мен бүгінді жалғайтын, көпұлтты Қазақстанның сан алуан мәдениеті мен дәстүрін тоғыстыратын ерекше мәдени алаң.



