Өскемен ГЭС-інде жасөспірімдерге арналған экскурсия өтті
Өскемен ГЭС-інде Балалар ауылы мен «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған кәсіптік бағдар беру іс-шарасы өтті. «Samruk Úmiti» жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қолдауымен Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры жүзеге асырады.
«Samruk Úmiti» бағдарламасы – ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге түрлі мамандықтармен танысуға, болашақ оқу бағытын таңдауға және ересек өмірде өздерін сенімді сезінуге көмектеседі. Бағдарлама қатысушылары кәсіпорындарға барып, мамандармен кездеседі, техникалық мамандықтар туралы көбірек біледі. Осындай кездесулер жасөспірімдерге техникалық мамандықтардың нақты мүмкіндіктерін көруге, заманауи өндіріс ортамен танысуға және болашақта өз орнын табуға көмектеседі.
Өскемен ГЭС бұл жобаға екінші жыл қатысып отыр. Бұл жолы Өскемен жоғары политехникалық колледжінің оқытушылары оқушылар үшін энергетика және техникалық мамандықтар тақырыбында квест пен тәжірибелік тапсырмалар дайындады. Оқушылар топпен жұмыс істеп, инженерлік тапсырмаларды орындады, энергетик мамандығының негіздерімен танысты және заманауи электр станциясының жұмысы қалай ұйымдастырылғанын білді.
Байқау бағдарламасынан кейін қатысушыларға Өскемен ГЭС-і бойынша экскурсия өткізілді. Балалар машина залында болып, станцияның гидроагрегаттары мен жабдықтарын көрді, электр энергиясының қалай өндірілетінін және гидроэнергетиканың неге энергетиканың ең экологиялық бағыттарының бірі саналатынын білді.
– Өскемен ГЭС үшін бұл жобаға қатысу – жасөспірімдерге мамандық таңдауда қолдау көрсетіп, энергетика саласын кеңінен таныстыру. Қазір біз бағдарлама қатысушыларының бірін политехникалық колледжде мақсатты оқыту мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Оқу барысында студент станцияда тәжірибеден өтеді, ал колледжді аяқтағаннан кейін жас маман Өскемен ГЭС-іне жұмысқа келіп, ұжымның бір бөлігіне айналады, – деді персоналмен жұмыс бөлімінің бастығы Зүлфия Боранбаева.
Барлық қатысушылар Өскемен жоғары политехникалық колледжінде техникалық мамандықтар бойынша тегін оқуға сертификаттар алды.



