Өскеменде Карбышев көшесіндегі көпір опырылды
7 мамыр күні сағат 20:30 шамасында Өскемендегі Карбышев көшесінде орналасқан аспалы жаяу жүргіншілер көпірінде оқыс оқиға орын алды. Оқиға кезінде көпір үстінде 8 адам, оның ішінде төрт кәмелетке толмаған жасөспірім болған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметінше, оқиға орнына жедел түрде төтенше жағдайлар қызметі мен жедел жәрдем бригадасы жетті. Зардап шеккендер дәрігерлердің тексеруінен өтті. Ауыр жарақаттар тіркелген жоқ, тек жеңіл сырылу мен көгеру анықталды.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға балалардың көпірді тербетіп ойнауы себеп болған. Кәмелетке толмағандар конструкцияны шайқағандарын мойындаған, соның салдарынан көпір төсеміне зақым келген.
Қазіргі уақытта көпір уақытша жабылады.
– Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен «Самал» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Жоба аясында аспалы жаяу жүргіншілер көпірінің конструкциясын жаңарту және күшейту қарастырылған. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жөндеу жұмыстары басталғанға дейін және толық аяқталғанға дейін нысанға кіру шектеледі, – делінген хабарламада.



