«Қазцинк» зауытындағы жарылыс: Зардап шеккендер елордаға жеткізіледі

Өскемендегі «Казцинк» кәсіпорынында болған жарылыстан зардап шеккендерді елордаға санитарлық авиация арқылы жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 5 мамырға қараған түні қалаға республиканың бас реаниматологы Бахыт Жаркимбеков пен бас комбустиологы Жомарт Жалгаспаев арнайы келген. Олар зардап шеккендердің жағдайын бағалап, шұғыл консилиум жасады.
Дәрігерлердің айтуынша, ауыр күйік алған бір науқастың жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Қазіргі уақытта оған күйік шогынан шығару үшін қарқынды терапия жүргізіліп жатыр. Мамандар науқастың жағдайы тұрақтанғаннан кейін ғана оны Астанаға тасымалдау мүмкіндігін қарастырмақ.
Сонымен қатар, омыртқа жарақатын алған тағы бір зардап шегушіні 7 мамыр күні санитарлық авиациямен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының нейрохирургия бөліміне жеткізу жоспарланып отыр. Онда оған арнайы операция жасалады.
Жалпы, оқиға салдарынан бес адам медициналық мекемеге жеткізілген. Олардың екеуі ауруханаға жатқызылса, қалғандарына амбулаториялық көмек көрсетілуде.



