ШҚО ТЖД өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі мемлекеттік наградамен марапатталды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен ШҚО ТЖД Өскемен қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі Қанат Қапанов марапатталды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Азаматтық қорғау аға сержанты Қанат Қапанов құтқарушылар қатарында 6 жылдан астам қызмет етіп келеді.
2025 жылы 5 қараша күні ол Қасым Қайсенов кентіндегі тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерден түтін шығып жатқанын байқайды. Көп ойланбастан, ол пәтерге кіріп 10 жастағы баланы сыртқа алып шығады. Іште тағы бір баланың қалғанын білген Қанат Қапанов қайтадан түтін басқан пәтерге кіріп, баланы сыртқа алып шығады.
Одан кейін ол көршілерді қауіп туралы хабардар етіп, тұрғындардың бірімен бірге бірінші қабаттағы мүмкіндігі шектеулі адамды эвакуациялайды.
– Құтқарушының бұл ерлігі – шынайы батырлық пен жоғары кәсіби жауапкершіліктің айқын үлгісі. Оның төтенше жағдайдағы жанқияр әрекеті азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің адам өмірін құтқару жолында әрдайым батыл әрі кідіріссіз әрекет етуге дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, – деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.



